Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  127


Автор: Серік Сағынтай

Қыс. Сезім

1.
Қара жерді ақ мамық қар жабады,
Сенің ізің жазды алғаш жарнаманы.
Ақ қағазды алдыма мен де жайып,
Жыр жазам деп өзіңе ең ғажайып,
Ойға батып отырдым тағы армандап,
Менің кеудем — ақ қарға оранған бақ.
2.
Тереземді қырау гүл өрнектеді,
Өмір сондай керемет келбетті еді.
Қырау қатса құрсаулап жүрегімді,
Гүлді өрнекпен салам деп нұр-өңіңді,
Дидарыңды аймалап қиялыммен,
Кеудеме сыр-сезімді құямын мен.
3.
Үй сыртында ақ боран аласұрды,
Менің кеудем секілді нала-сырлы.
Көктемді іздеп қыс борап бүлінгендей,
Сен жайлы ойлар маған еш тыным бермей.
Қаламымнан алапат жыр борайды,
Бұлдыр уақыт, ақтүтек сырғанайды.
4.
Нұрлы Күннің сәулесін аяз қарып,
Қалтырайды қайың-тал қаязданып.
Қалтыраумен өтетін бар ғұмыры,
Табиғаттың қатал қыс — заңдылығы.
Өмір-боран, тұрса да қамап ызғар,
Жалын сезім лауласын арамызда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу