Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  238


Автор: Серік Сағынтай

Міскін

Шайқы-бұрқы дуана боп кетерміз,
Күйкі тірлік күйреткенде бізді әбден.
Шірік жапырақ шашуымен төпер күз,
Жүрегіңде соңғы жырың қызғанмен.
Ақтарсаң да мұз боп түсер, ол да өлім,
Сосын күз кеп қымтай салар тәніңді.
Күтеміз ғой бізді әлдекім көмгенін,
Ал көмбесе түн сорады жаныңды.
Тәнің сосын көрге жетер еңбектеп,
Ең соңғы рет күрсінерміз, а, жалған!
Мүңкір-нәңкүр әурелесе тергеп көп,
Жалығармыз мазасыз бұл ажалдан.
Сосын тағы көрден қашып шығармыз,
Шұбатылған ақ кебінге қымтанып.
Тірлікке де қосыла алмай жылармыз,
Тозаққа да бізсіз кетіп бір табыт.
Құдайға да құлдық ұрмай қамығып,
Көктем-күзде кезерміз жер-жаһанды.
Сұлулық пен жауыздыққа табынып,
Әзәзілге айналармыз қаһарлы.
Мәңгі өмірге жол ашармыз солай біз,
Пенделер де, перғауын да бас ұрар.
Ал оғанша талай-талай, талай күз,
Бізді ажалдың ақ көзінен жасырар...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу