Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  121


Автор: Серік Сағынтай

Тақуа

Фәниден таппай бәтуа,
Бақиға кеткен сан сұрақ.
Соларды жазсам хатыма,
Моладан қайта аршып ап.
Құбыла бетке жантайған,
Құраншыл ерді тапап бір.
Күні өшіп, Айы шалқайған,
Күнәһар заман қақап тұр.
Жаназа-жырын сарнатып,
Мүрид жүр мұңымды ұққан боп.
Ұртына май мен қан қатып,
Қазақ тұр битін сыққан боп.
Ажалдың иісін мүңкітіп,
Мүңкір де нәңкүр жайсаң-дүр.
Шекесін шатақ шылқытып,
Әзәзіл көкем ән сап жүр.
Аспанға зәузат сыймайды,
Жердегі жүрек — қансүрек.
Періште мені қинайды,
Махаббатымнан алшы деп.
Қайтейін ондай сезімді?!
Есті алар жүрек қансырап.
Жұмдырмас сосын көзімді,
Табытта жатқан сан сұрақ...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу