Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  143


Автор: Серік Сағынтай

Қазақстан

Әлдиімен жанымды тербететін,
Жүрегінен сел болып шер кететін.
Сен басқасың мен үшін, Қазақ елі,
Қазақия – о, менің Мемлекетім!
Қазақстан!
Қастерлі қағанатым,
Саған ғашық жердегі тәмәм ақын.
Сен басқасың, мына ел сен емессің,
Сен емессің өсекке жамалатын.
Сен басқасың...
Мына ел көшірмеңдей,
Сылап-сипап бақшада өсіргендей,
Есін көрмей отырмын осы жұрттың,
Осы жұрттың отырмын көшін көрмей.
Ол елімнің басқа еді басты арманы,
Аспанда – әні, асқақ-тын асқарлары.
Күн түбіне тірелген керуені,
Мөлдір еді ақ қайнар бастаулары.
Ол елімнің өзге еді өріс-төрі,
Ұлы – батыр, қыздары періште еді.
Жоқ қылды да бір дұшпан сол елімді,
Жұртын жермен-жексен ғып тегістеді.
Ал мына ел – сол өрттен қалған орман,
Жетегінде өгіздің арба болған.
Немесе Ер Төстіктің әкесіндей,
Сорқұдықтың басына сорға қонған.
Қазақстан, мен үшін сен басқасың,
Сен басқасың, көзімді шел баспасын.
Сені көрем деген ел күн-түн жортып,
Түзге түнеп, басына ер жастасын.
Ал қаладан, тымырсық тар қаладан,
Қабырғаға жармасқан жарнамадан,
Басқа бір ел сөйлеп тұр өзге тілде,
Сені тани алмай тұр арда балаң.
Танымадым, кеттім бе шеттеп көптен?!
Жыртығыңды жаппай тұр көктеп көктем.
Қазақ елі жаралып ықылымда,
Жиырмасыншы ғасырда жоқ боп кеткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу