Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  138


Автор: Серік Сағынтай

Мен бұлтпын үнсіз сырғыған

Мен бұлтпын үнсіз сырғыған
Адамзат шөлінің үстімен,
Абылдың көрінің үстімен.
Қабылдың күнәсін шыжғырған
Тәңірдің шоғының үстімен.
Мен бұлтпын тұтасқан зілмауыр,
Қорғасын қайғы бар кеудемде,
Шемен бар сірескен шерменде.
Соңымнан ілесіп сұр дауыл,
Дертіме бір дауа бермеуде.
Мен — бұлтпын!
Жай тілсе жонымды
қападан түнерген түтігіп,
күркіреп, долданған құтырып.
Тірлікте таба алмай жоғымды,
Түнекке барамын жұтылып.
Мен — бұлтпын...
Жанымды ұғар кім,
теңселіп қашанғы шыдармын!
Төгем бір көзімнің көл жасын,
Суырылар кеудемнен қорғасын.
Уындай шер кетіп жыланның,
Өксіп бір өкіріп жылармын:
Нұр төгіп пенделер шөліне,
гүл өріп Абылдың көріне,
сейілер тұтасқан мың күнәм.
...Мен бұлтпын үнсіз сырғыған!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу