Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  124


Автор: Серік Сағынтай

Фәни-құс

(Феникс)

Мен бе...
Сен бе...
ОЛ ма әлде кінәлі –
Неге оттан түтін иісі шығады?
Жан өртіне су себетін жан таппай,
Сарқылғанда дүниенің бұлағы –
Қап-қара боп тұтылған күн тәрізді,
Өртенем де кетем ылғи...
Аңызды
есіме алам фәни-құсты, фәниді,
Өзегімді өрт-өкініш қариды.
О, отты жыр, өзегімді қари түс,
Менің атым – Фәни-құс!
Елдің бәрі ақын ғой деп ұғатын,
Қос қанатым өрт жалын боп шығатын...
Жарымы күл, жартысы от денемнің,
Бірақ, оған сенер кім?!
Бақи жаққа күнде барып қайтатын,
Өле алмайтын өзегі өрт өлеңмін!
Лап еткенмін шайтан шашқан шараптан,
Өзін өртеп, өзімді өртеп...
Сан оттан
түтін иісті күл жұғыпты жаныма,
Шайтан шәрі тозақтан
«...Оттан туған»
Өн-бойымды құрсар күш,
Басым кейде күлсалғыш.
Жанып-сөніп, шерді өртеген жүрегім,
Жартысы - күл, жарымы – нұр...
Жыр. Өлім
Екеуінің ортасында сенделген,
Жыр тірілтіп, шер көмген.
Бір бұлаққа келем әлі шөлдеумен...
Жүз өртеніп, тоқсан тоғыз сөнгенмен.
Күлге толып баратқандай өр кеудем.
Лап еткізіп жер-жаһанды жарығым
Мен тұтанған күні неге налыдың,
Мен сөнетін күнді неге жорыдың,
От пен бірге күл жаратқан Тәңірім?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу