Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  109


Автор: Нұржан Қуантайұлы

Дыбыс қалғып, маң бозарып

...Дыбыс қалғып, маң бозарып,
Солық басып көлеңке,
Сап тыйылып даңғазалық,
Сабыр тапты кең өлке.

Ай аспанның сырға құсап
Әшекейлеп өңiрiн.
Балқығанда күнбатыс жақ
Байыз таппас көңiлiм...

Мұң түсiрiп қызылiңiр,
Мұрсат бермей жалғанға...
Дүниенiң қызығы мың
Бiр сәт тынып қалғанда,

Қызыл нұрға боялғанда
Күн сәулесi әлсiреп,
Селк етiп жан оянғанда
Ұмсынбай ма сау тiлек!..

Беу, iңiрiм, сенен өзге
Берер ме екен сабыр, мұң,
Құйылшы бiр дәл со кезде
Тереңiне жанымның.

Қу жанымның жұтын бiлген
Ал не дейсiң сезiмге...
Өзiңдемiн бүтiннiң мен,
Бүтiн менiң өзiмде!..

Жойылудың дәмiн татып,
Жолығуға билетшi,
Тыныш кешпен дамылдатып,
Тыныстауға үйретшi.

Көңiлiмдi өткен сұз қып
Сiлкiп тастап ауырды,
Дүниемен кеткен мызғып
Араластыр жанымды...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу