Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  156


Автор: Жанна Елеусіз

Көбік шашқан шампандар жүз атылып

Көбік шашқан шампандар жүз атылып,
абыр-сабыр боп жатыр пейіштегі Ел.
Қара Жерге барады ұзатылып,
аппақ қарлар үлпілдек Періштелер!

Сұлу жорға жегілген күйме керім!
Солқылдайды аспанның суық төсі…
Долы жеңгей көңілі Жел, үйрек ерін,
ышқынады ызадан Қызыққа осы!.

Аппақ қарлар секілді аппақ Келін,
Әлем жатыр көтеріп кір етегін.
Сиқырыңды Жаныңа сақтап па едің!
Сықырынан Аяқтың дір етемін!..

Қалай сені жаратқан ақеден ғып,
Ақылдым-ау, ақша жүз, өңі мұңды.
Ақ қағазға көшірем Қара Өлең ғып,
адамдардан қап қойған көңіліңді…



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу