Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  254


Автор: Келіс Рахымжанов

Қазақтың қара көздері

Әлем ғой бір-бір өздері
Жүректе айтқан сөздері.
Өтерміз жырлап сендерді
Қазақтың қара көздері.

Асқақ та асау жүрекке ем
Салмақ қой заман сөздері.
Арман да ізгі тілек те ең
Қазақтың қара көздері.

Сендерсіз тұлдыр тірлікте
Мейірім отын кім жағар?!!
Мейірге шөлдеп тұрғанда
Менменсіп жүрген тұлғалар.

Жұпары гүлдей аңқыған
Әрқайсың бір-бір отсыңдар.
Тазарып тағдыр-талқыдан
Күнәдан әйтеу, пәксіңдер.

Толқыны сендер сезімнің.
Сендерді ойлап көз ілдім.
Тағдыры жүр ғой қолыңда
Болашақ қара көзімнің.

Ертеңі солар елінің
Өмір ғой бір-бір өздері.
Қорғаны сүйген ерінің
Қазақтың қара көздері

Құнары салт пен дәстүрдің
Сақтаңдар сезім байлығын.
Қазақтың қара көздері
Аяулы менің ай-күнім.
Біз үшін сендер білмеңдер
Не екенін әсте, қайғының.

Қылықпен небір алдаса
Қызық қой жаттың сөздері.
Айыра білер оны да
Қазақтың қара көздері.

Күн үшін алдап кім жемей
Түгендеп берер есесін.
Бүлкілдеп күнде мың көмей
Таптап та жүр ғой көшесін.

Қазақтың қайран намысы –
Намысы оның өздері.
Жүріңдер аман қашанда!
Қазақтың қара көздері.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу