Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  153


Автор: Келіс Рахымжанов

Қара жер дүниені арқалап

Қара жер дүниені арқалап
Әнеки ай туды шалқалап.
Ертең-ақ күз бітіп қалады
Қыс келсе қызығын ортаға ап.

Суығы қараша айының
Суығы сүйектен өтеді.
Біткендей күз ойнап ойынын
Ойыны біткен соң кетеді.

Тұрғандай біреуді шақырып
Жұлдыздар аспанда шашылып.
Жарқырап жақұттай әр тұстан
Әкетер шексізге батырып.

Қараша айының түні еді
Қалың-ды даланың түнегі.
Қап-қара қырларды жел ұлып
Иенде жын кезіп жүреді.

Қорқыттың өлімі, елесі
Әлсізді құл етіп қоймаққа.
Көз салып мына түн әлемі
Қарайды шарасыз аймаққа.

Ұйқыда даласы түн басқан
Ауырлық иықта зіл батпан.
Өксікпен ұлиған көк бөрі
Қырқада жортады тынбастан.

Ұйқыда қазақтың даласы
Оянды қазақтың баласы.
Сырттандар күзетіп қораны
Көк бөрі кезеді даланы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу