Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  128


Автор: Келіс Рахымжанов

Өмір маған қарызға берілмеген

Өмір маған қарызға берілмеген
Берілмейді ол өкіммен, әмірменен.
Қалауымен Алланың жаратылып
Жүрміз жерде не қилы тағдырменен.

Бірақ рет берілген өмір маған
Жүрек берген жансын деп жалындаған.
Осы өмірде армансыз өтсінші деп
Басқа өмірді жан қылды сағынбаған.

Болып көрдім адамы осы өмірдің
Көп жұмбағын тағдырдың шеше білдім.
Есептеймін өзімше шотқа салып
Дұрыстығын кім білсін есебімнің.

Дұрыс шығар жақсы ғой дұрыс болған
Дұрыстыққа не жетсін ырыс болған.
Су түбіне кемесі кетер шақта
Шайқалақтап қиын ғой дұрысталған.

Өмір өзі тұр дара билік құрып
Иілместі қоятын иліктіріп.
Бәйге бермей біреулер топ жарып жүр
Жаратқан соң тағдыры жүйрік қылып.

Күре жолдай жер бетін шиырлаған
Өлкелердей шет жерді қиырлаған.
Себебі көп септескен дүниеде
Өмір бізге тектен-тек бұйырмаған.

Қысқа қыпты өмірді жетпесін деп
Жол сілтеген адасып кетпесін деп.
Біреуді бай біреуді кедей қылып
Белгі қойған араға өтпесін деп.

Қысқа өмірде бақ іздеп бақыт кешіп
Тіршіліктің бар мәні осы десіп.
Ұрпақ жалғап, еңбек қып барады өтіп
Керуені заманның алға көшіп.

Бұл өмірді әкем мен анам берген
Періште мен алладан аян келген.
Бір жарығын құдірет сыйлай салып
Дүниені сәбимін аман көрген.

Сенімімді сайтандар ұрлап алып
Ойға барып басты ұрдым қырға барып.
Адамдардан алыстап кетпейін деп
Қаламымды жыр жаздым мұңға малып.

Жүрек берді, жан салып тыныстауға
Бағыттады бір алла дұрыс жолға.
Періштемді күзетіп қорғайын деп
Түстім талай майданда ұрыстарға.

Қателестім кей-кейде жаза басып
Ақ ісіме сайтандар араласып.
Күнәм болса жасаған кешір өзің
Жүрегімді алдыңа барам ашып.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу