Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  131


Автор: Келіс Рахымжанов

Бекер ғой жаным бәрі де бітті дегенің

Бекер ғой жаным бәрі де бітті дегенің.
Сергелдең болған жүрекке сыйлы ем едің.
Күрмелген тілмен айта алмай кеткен сөзімді
Айтсам деп енді асығып тағы келемін.

Асығып келем өзіңді тағы көруге
Жұлдыздай жанған үмітім шақ қап сөнуге.
Шақырымдарды жалғаған сағыныштарым да
Жалғайды жолды жетелеп саған келуге.

Сарғайған жүрек, санам да қазір ағарған
Бетімді жуып ағылған жас та жанардан.
Кетер ед құрғап бір ауыз жылы сөзіңді
Естісем қалқам көңілдің кілтін таба алған.

Келемін іздеп, жоқ болсаң бәлкім келмес те ем.
Тағатсыз жанның тағдыры құрсын жол кешкен.
Сен үшін енді ұзартып қысқа ғұмырды
Ғасырлап өмір сүрсем деймін өлместен.

Керегі қанша жалынсыз күндер жанбаған.
Махаббат қана мәңгілік бітпес арман-ән.
Өршіл ғып мені оятты даңқы ақынның
Екен-ау менде атақ та тіпті болмаған.

Сезімім менің сергелдең болып сен жоқта
Жолаушы жандай қыдырып кеткен аулаққа.
Бағыма біткен берекем болған сен кетсең
Көктемім менің бұлбылсыз гүлсіз болмақ па.

Барсың ғой қалқам, сені іздеп келем бар ғой деп.
Аламын тауып болса аман егер жер мен көк.
Көркіңді мақтап көсемсіп жүрген талайдың
Бірі де мендей өзіңді сүйіп көрген жоқ.

Айтса да жұрттар мақтауға шебер тілменен
Сезімнің сырын өрнектеп шаттық күйменен.
Бәрінен соның асқақтау тұрып қол берсең
Әлемге сені ап кетем ешкім білмеген.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу