Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  89


Автор: Келіс Рахымжанов

Алматыда бір үй бар

Алматыда бір үй бар ел білетін.
Көп нәрсеге көңілді сендіретін.
Қаншама ұрпақ алмасып жатса-дағы
Уақытпен аяғы тең жүретін.
Аяулы жан осы үйде тұрыпты-ау деп
Сағынғандар көруге кеп жүретін.
Алматыда бір үй бар ел білетін.
Күн суытса қоймайтын ықта қалып.
Қазақ атын биікке шыққан алып.
Заманынан зар шегіп запы болған
Осы үйде тұрыпты Мұхтар алып.
Кешкенменен ғұмырын ұлы адамның
Жүрегіңде оның да жылаған мұң.
Тірлігімен қып-қысқа бір кісілік
Кетті әйгілеп тағдырын мың адамның.
Сөзі келіп шындық пен туралыққа
Ырыс болған данышпан бір халыққа.
Қырын жүріп қадамын баққан заман
Ор да қазып бағыпты-ау шын алыпқа.
Запы қылған адам ба заман ба екен.
Айтар едім ол дәурен маған бөтен.
Баласы боп қазақтың қарасам да
Өзгешелік адамнан табам ба екен.
Алып болып анадан туған алып.
Шырақтайын жағылған шыңға барып.
Қалың ойға бөлепті-ау туған халқын
Шабыт буған шайырдай жырлап алып.
Құрлық кезіп, теңіз бен таудан асып
Тарихпенен кетсе де араласып.
Жүз жыл өтсе нешеме мың жыл өтсе
Тапқан сырын жан емес болар ашып.
Шебер қазған құдықтай шегенделген.
Көрген сырын өлмес жан өлеңге өрген.
Бөріліден басталған балалықты
Астастырған теңіздей тереңдермен.
Қолбасшы еді қолыңа ту ұстаған.
Ой кенішін алтыннан уыстаған
Мәскеудегі отаға аттанам деп
Осы жерде соңғы рет тыныстаған.
Айтуға да болмайтын көрсетуге
Жүрді ме екен жете алмай ой шетіне
Тұрды ма әлде, армандап бостан елді
Қыймай қарап қазақтың өлкесіне.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу