Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  141


Автор: Абзал Бөкен

Өмір деген

Өмір деген – іші айғай,
сырты шу,
Көп нәрсеге, жоқ нәрсеге қырқысу.
Қоңыр белде көк серкені тартысу,
Көңілдерді көйлек етіп жыртысу.
Өмір деген – қуану һәм қайғыру,
Күнді көздеу, аспандағы айды ілу.
Тәңір қосса таққа міну.
Қоспаса,
Мінгендерді мінісінен тайдыру.
Өмір деген – жұтқан сайын тоя алмау,
Ұтқан сайын ұтсам деуді қоя алмау.
Атақ десе алтын басың айналып,
Ақша десе араныңды жоя алмау.
Өмір деген – тыныштықтан безіну,
Безінусіз тірлік жоғын сезіну.
Бота болсаң дәу болам, – деп талпыну,
Жота болсаң тау болам, – деп көз ілу.
Өмір деген – өмір бойы асығу,
Ақылға емес, аңғалдыққа масығу.
Қабыланнан қатер күтпей,
Киіктің
лағы боп оған барып қасыну.
Өмір деген – килігісіп төтен дау,
Бөктерінен, өткелінен өте алмау.
Бақ-дәулетін кешіп жүріп,
Бірақ та,
сол өмірдің қадіріне жете алмау.
Өмір деген – бөктерілу, бөктеру,
Бөктерем деп суға түсу, отқа ену.
Күйіп, жану, сүйіп, налу...
Сонан соң
Бұл өмірде болмағандай жоқ болу.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу