Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  88


Автор: Абзал Бөкен

Тарсылдама, жүрегім...

Тарсылдама, жүрегім, тарсылдама,
Шәулі бол, – деп қайтесің баршынға ана?!
Жарыс емес,
Жан-жағым жаяу тірлік,
Алыс емес,
Адымым аршын ғана.
Аласұрма, жүрегім, аласұрма,
Аласұрмай кемді күн қарас ұлға.
Ана жаққа асығыс ап кетердей
Ақырғы «орын» қалған жоқ Қарасуда.
Кешегідей күші жоқ шынығарға,
Сынық арба,
Мен де бір сынық арба.
«Сынық арба көп кешер», – дейтін халық
Бүтініне жетпесін ұғынар ма?!
Лыпылдама, жүрегім, лыпылдама,
Майып болды лыпылдан бүкіл дана.
Дана емеспін,
Данаға пана емеспін,
Жиілете бермеші тықылды ана?
Қайран жүрек!
Аулаққа асықтырма,
Асығуға мен емен машық тұлға.
Кетуіме мұрша бер мұңымды айтып,
Мұнарынан айыққан ашық қырда.
Аңғал көңіл ақынға қауіп тілеп,
Ағысыңнан, кім айтты, ауытқы, – деп.
Ырғағыңмен иректеп жыр жаза бер,
Қызыл сия толтырған, дәуіт-жүрек.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу