Өлеңдер ✍️

  27.10.2021
  115


Автор: Абзал Бөкен

Сурет

Қырындау ұстап тұрып бір бетіңді.
Бер маған түскен сиқыр суретіңді.
Сонымен өткізейін күндізімді,
Сонымен өткізейін бірге түнді.

Бер маған суретіңді күлімдеген,
Бұлқынсын бойда сезім, тілімде өлең.
Ынтық боп кеше «өлгенмін»,
Неше «өлгенмін»,
Өле алам, қажет болса, бүгін де мен.

Аластап арамызды нешеме жыл
Осылай опындырып өше ме өмір?!
Секемшіл менің бала махаббатым
Сені іздеп әлі сонау көшеде жүр.

«Кетсең де алпыс асып өкінші», – деп
Он жетім көшеде жүр жетімсіреп.
Бір көрдім қырық жылда.
Тағы да бір
қырық жоқ, көрісуге екінші рет.

Қайғы аман,
Қалмай қойған мұңым да аман,
Мұңыммен мұнарланған күнім жаман.
Жасыңның алпыс асқан ә-әр жағынан
Сайтан қыз сығалап тұр жымыңдаған.

Жүрегім пәк сезімге орда болған
Бүгінде торғай сынды торға қонған.
Бер маған суретіңді,
Мінәжәт қып
иейін ақ басымды борға малған.

Жанымды жіберетін нұрландырып,
Бер маған суретіңді тұрған күліп.
Қаңқамнан қарғып шыққан қара бала
Сені іздеп әлі күнге жүр қаңғырып.

Жастықта жанып-күйіп құлаған шын
Жайымды білмегендер сұрап алсын.
Бер маған суретіңді.
Бала бейнең
Жалқы сәт жаныма кеп тұра қалсын.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу