Өлеңдер ✍️

  27.10.2021
  212


Автор: Қалау Сәлеметбайұлы

Есімде өткен балалық

Есімде өткен балалық жағасында Ертістің,
Суын ішпей Ертістің,
О, тәйір, мен өрт іштім.
Қараша үйде білгемін домбыраның қадырын,
Ішегінен ұстағам тарих – шалдың тамырын.
Онсыздағы ертегі болсадағы өмірім,
Ертегідгіде жүретін менің бала көңілім.
Шам түбінде әкешім жыр оқитын мұңданып,
Балауыздың майымен жасы кейде бірге ағып.
Ең алғашқы ақ шашы кетсе нұрға шағылып,
«Қартайма» - деп анама жүрдім іштей жалынып.
Көшкен кезде түйемен кебежеге салатын,
Ол мен үшін өмірде ең жайлы «түрме» болатын.
Үй тікенде шаңырақ көтерсе әкем бақанмен,
Тірек болсам деуші едім, шіркін, тұрып қатар мен.
Қара дөңде сонау бір моласы бар атамның,
Отыратын атам боп бата беріп батар күн.
Сығаласам іргеден жайылған ат тұяғын
Көріп шауып кететін менің құлын – қиялым.
Көріп едім ең алғаш өз бейнемді тұмадан
Тұп-тұнықта тұр екен жаны таза бір адам.
Қайта оралар санадық қайтқан қаздың тізбегін,
Сондықтан да өмірде үмітімді еш үзбедім.
Күрескенде жығылдық гүл жамылған далаға,
Одан әсем жеңіліс, о, дәриға-ай, бола ма?!
Одан асқан адал дос таба алмаспыз мәңгі біз,
Тоймаушы едік күшікпен бір жемесек нанды біз.
Көкіректе жұлдыздай бар еді арман тым қалың,
Ақан жұлдыз ең алғаш сездірді өлім ызғарын.
Ойламадым тайымды үйреткенде құлақтап,
Асаулықтан өзім де кетем-ау деп жырақтап.
Ата-анама мәңгіге жүрем дедім бірге еріп,
Гүл көп еді, сондықтан гүл сыйлауды білмедік.
Әкешіме өтірікті көп айтушы ем мақтанып,
Жасасам да не «ерлік»,
«Рас» - дейтін шаттанып.
Аттанды әкем мәңгіге...
Жапқан оны бопырап
мені мәңгі есейтті соңғы күрек топырақ.
Өтірікіме сонда мен өкіргемін өкініп,
Барлығын шын қылуға серт бергемін бекініп.
Анам қалды артында жапқан қайғы желегін,
Өзімен бір әкетіп қайта әкелді оны өлім.
Көктеді әке орнына менің ұлым – бір шыбық,
Әке болдым алдыға тынбай тартып тіршілік.
Шалғында емес, бетонда бір жығылып, бір тұрып,
Өтірікті шын қылам деп келем әлі құлшынып!
Есімде өткен балалық жағасында Ертістің...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу