Өлеңдер ✍️

  26.10.2021
  174


Автор: Серік Қалиев

Жасыл шырша зары

Келгім келген жоқ еді бұл алаңға.
Обалым мені әкелген мыналарға!
Аллаһ емес, ағашқа сыйынады ел!
Бұдан өткен өмірде күнә бар ма?

Балта тиді аяусыз биыл маған.
Туды содан басыма қиын заман!
Қасиетті Қағбаны тәуе еткендей,
«Шырша айнал!» деп Жаратқан бұйырмаған!

Аллаһ Өзі өсірген бір шыбықпын.
Мені айналу – көкесі құлшылықтың!
Сары аязды сезбеуші ем, адамдардың
Күнәсінен өн бойым түршігіп тұр!

Надандықтан адамның күллі соры.
Шайтан малғұн тамаша білді соны.
Шырша сәндеп, әндетіп шыр айналу –
Қай атасы ұстанған үрдіс еді?

Бұл дәстүрдің ұмытты ел бөтендігін.
Дін бұзуға шетінен екен мығым...
Білмейді жұрт мені жел құлатқаны –
Ескертуі Алланың екендігін!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу