Өлеңдер ✍️

  26.10.2021
  232


Автор: Серік Қалиев

Сіз

Мен сізге қараймын да таң қаламын,
Екі ойлап бір басатын әр қадамын.
Әперген көктен үзіп ай мен жұлдыз,
Әкесі сіздей болса бар баланың!

Кім таласар, білімді, дарындысыз.
Лапылдаған, лаулаған жалындысыз.
Алтындатқан астаудан ас жеп жүрген,
Көкелердің көбіне жағымдысыз.

Мойындатқан сөзімен, ісіменен,
Сіздей-ақ болар іскер кісі деген!
Бір сізді разы етсем деп талай адам,
Жүгірген аяғының ұшыменен.

Жүріп өткен жолыңыз тамаша тым,
Атағыңнан атты адам адасатын.
Теле, радио, газеттің тілшілері
Сізден сұхбат алуға таласатын.

Айналада дәл сіздей бар ма мықты?
Әупіріммен талайлар жан бағыпты...
Құдай берген қуат пен қайратыңыз
Өсу менен өрлеуге арналыпты!

Татқан сайын тәттіні таңдайыңыз,
Арғымақтай ұмтылды алға ойыңыз.
Сонша ақылмен Алланы таппағасын,
Ақіретте не болмақ жағдайыңыз?..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу