Өлеңдер ✍️

  25.10.2021
  1276


Автор: Серік Қалиев

Келінге өсиет

Қарағым, алды екенсің тең құрбының,
Айтайын саған арнап елдің жырын.
Көп жылдар әке үйінде қонақ едің,
Мінеки өз үйіңе келдің бүгін.
Өсе бер өркен жайып өрімталдай,
Кеще бер мағыналы мөлдір ғұмыр.

Бір елдің қызғалдағы ең қырға біткен,
Туыс боп шыға келдің бұл халықпен.
Еріңіз не десе де ерегіспей,
Жүруге тырыса біл бір бағытпен.
Жарыңыз не тапса да қанағат қып,
Қабылда әкелгенін ырзалықпен.

Қой басындай күмісті алған бойда-ақ,
Ат басындай алтынды ел армандайды-ақ.
Адалдан ақша табу - үлкен тасты
Арқалап тау басына барғандай-ақ,
Ал оны жұмсау деген - сол дәу тасты,
Төбеден домалата салғандай-ақ.

Әрқашан атсын десең күліп таңың,
Алған жөн ақиқаттың біліп заңын.
Сыбырлап саған айтқан сырдың бәрі
Аманат екендігін ұмытпағын.
Әсіресе еріңнің құпиясын
Жүректің тереңіне құлыптағын.

Сыр бағып жарының көз қарасынан,
Үйренген жанның дәйім бағы ашылар.
Алладан соң жарының ырзалығын
Шығармау керек әйел санасынан.
Еріңмен қол ұстассаң, күнәларың
Төгілер саусақтарың арасынан.

Аруға ана деген бөлек есім.
Жалғастыр әз әжелер өнегесін.
Қаншалық күйеуіңді қуанта алсаң,
Соншалық махаббатқа бөленесің.
Жарыңның жақындарын жақсы көрсең,
Үйіңнің кеңітесің керегесін.

Мұнтаздай таза болсаң жаны арайлы,
Басыңды барша халық бағалайды.
Нас деген адамдар да, таза болған
Үйлерді рахаттана аралайды.
Ең лас адамдар да, салақтардың
Қолынан ас ішуді қаламайды.

Тарихтың жаңартатын жарқын бетін,
Көбейт сен Пайғамбардың мәрт үмбетін.
Немере балдан тәтті сыйлап тұрсаң,
Аямас ата-енең де бар құрметін.
Төркінің мен қайынжұрт арасында
Сол болар сен салатын алтын көпір.

Кісі емес кісі артынан жамандаған.
Талайлар жамандауға маман болған.
Адамдар жайлы жақсы ойлағанның,
Ғайбаттан тілі әрқашан аман қалған.
Өзінің мініменен күрескендер
Өзгенің кемшілігін көре алмаған.

Жақсы бол жұрты үшін жаны ауырған,
Тілекшің табылатын әр ауылдан.
Абай бол Құдай қосқан қосағыңнан
Өзіңді артығырақ санауыңнан.
Жетесің бар бақытқа, ер қалауын
Өзіңнің биік қойсаң қалауыңнан.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу