Өлеңдер ✍️

  25.10.2021
  275


Автор: Серік Қалиев

Парыз маған

Дінтанушы ғалым да, молда емеспін.
Дүниені тәрк еткен жолда емеспін.
Сүннетін Пайғамбардың сүйем бірақ,
Құраннан құр қап жүрген сорлы емеспін.

Сәждеге тигенменен маңдайым дөп,
Біреуге пәтуә айтар жағдайым жоқ.
Бірлігін мұсылманның көру үшін,
Жүремін мешіт жаққа әрдайым кеп.

Иманның дәмін татып дәніккесін,
Түсіндім Алла екенін анық досым.
Үйрендім Ол жіберген шариғаттың,
Әр адам білуі шарт әліппесін.

Өбектеп өзі өсірген абыз-далам,
Төле би, Бұхар, Абай нағыз бабам!
Солардан бізге жеткен сара жолды,
Ұрпаққа ұғындыру – парыз маған!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу