Өлеңдер ✍️

  20.10.2021
  137


Автор: Исраил Сапарбай

Жапырақ кешер күн келді...

(Күз этюдтері)

Шаңқай бір шақта шағынып
Айтарсың арзу кімге енді:
Жабырқау тұман жамылып,
Жапырақ кешер күн келді.
Бағынан ұшып Бал айы,
Басынан бағы ауған-ау:
Ағарып шашы, самайы
Қартайды қапсал тау да анау.
Болар деп ойлап па едім мен
Жанымның жұрты мұнша ойран? –
Таңдайдан əні төгілген
Таң құсы қайда мыңсайрам?
Қамығып қайың қыз дене,
Терекке не сəн тербелген?
Үйге де сыймай, түзге де
Серіңнің халі сергелдең.
Құйқалы, қонды, құнарлы
Қимылсыз жатыр қыр да анау.
Сейілтіп күмəн, тұманды
Сергітер бізді кім-бар-ау?..
* * *
Жұт келгендей жұтадым ба,
Кім үптеген үр даланы?
Жас қайыңның бұтағында
Жалғыз жапырақ дір қағады.
Жалт берген соң жалған-жарық,
Қайдан келсін енді шама –
Қауырсындай қалбаң қағып
Желге ұша ма, Жер құша ма...
Жай таба алмай тұрағыңда
Жаурап, тоңып, қалтырайды.
...Кəрі қыздың құлағында
Жалғыз сырға жалтырайды.
* * *
Туса да мезгіл дəргүмəн,
Түледі қайта тал, қайың, –
Бақиға кетер алдынан
Бой жазған байғұс жандайын.
Тігісі жердің қақырап,
Айналып ұшты құс көлді.
Кешегі жасыл жапырақ
Кербездеу бүгін түске енді.
Базары ауған қаладан
Баз кешсең, бақты арала.
Сағатын, сəтін санаған
Жапырақ біткен сарыала.
Ажары солғын алма бақ
Адыра қалған мұңлықтай.
Жалба да жұлба жарғабақ
Жартылай жапқан түндіктей.
Жайлады бұлт жабағы,
Жаз көркі көшіп ніл – көктен.
Төбеден ауып барады
Жылжи да жылжи Күн де еппен.
* * *
Мына қала мұңыма міз бақпайды!
Жүрегімді жаулады... сыздап қайғы.
Салқын бір леп –
Сағымның сирағындай
Сайран көлдің сауырын сызбақтайды.
Жадау, жүдеу, жабырқау көл де мендей,
Жағалауға қойған-ау ел де келмей...
Көрбілте Күн жарығы көмескілеу,
Көкіректі көне дерт меңдегендей.
Сайран көлдің сайраны біткен білем –
Түнеріңкі түр-өңі тіптен күрең.
Дірілдеген үнімді өзім жұтып,
Күлімдеген Күнімді бұлтқа ендірем.
Көкіректе көне дерт асқынады.
Көңілімнің тас керең қос құлағы.
Суға кеткен үніндей үмітімнің –
Бар ішінде барлыққан мастың əні...
* * *
Күз келгені байқалды:
Жұлдыз жаурап, Ай тоңды.
Сабаға Ақыл көндірді
Сезім деген сайқалды.
Күз келгені білінді:
Күн сыңайы құбылды.
Көзге күмəн тығылды,
Көлге тұман жығылды.
Күз келгені көрінді:
Бұлт бауыры сөгілді.
Түн байлады көзімді,
Мұң жайлады көңілді.
Күз келгені сезілді:
Көлден құстар безінді.
Қайыс жолда қақ тұнып,
Қара жолдар езілді.
Күз келгені күмəнсіз,
Иланыңыз бұған Сіз.
Жүрісі оның ұнамсыз,
Тынысы оның – тұман, сыз.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу