Өлеңдер ✍️

  20.10.2021
  174


Автор: Исраил Сапарбай

Атамекен

Апайтөс тау – қар қомында,
Баурайында – ауылдар.
Сол бір таудың ар жағында
Ағайын бар, бауыр бар.
Бұл даламен Батый өткен,
Шыңғыс та өткен айбарлы.
Ақын өткен, батыр өткен
Ақиықты, айдарлы...
Хақ болмаса, күні бұрын
Болжап білген кім алдын?..
Мен де бір тал шыбығымын
Дала деген Шынардың!
Қолын бұлғап бозаң қырда,
Түсіме енді қаншама ол...
Көсіледі көз алдымда
Сол бір өңір аңсаған.
Арқалаған заман жүгін
Тағдыр да бір – тарамыс.
Мына адамдар маған бүгін
Əрі жақын, əрі алыс.
Тілім неге күрмеледі,
Дірілдейді үнім де.
Атам болып түрмедегі
Күбірле, жел, күбірле!..
Гүлі оралып балағыма,
Бал-бұл жанып реңі,
Жүрген сайын Дала мына
Құшағыма кіреді.
Көркіне оның тіл жетер ме,
Кім болжайды өлшемін?!
Бар ғой, бар ғой бұл мекенде
Менің де бір бөлшегім!
Алдымды орай су ағады
Елік қыздай еркелеп.
Қысып, құшып, қуанады
Елім, жұртым ентелеп.
«Сүй, қарағым, сүй Даланы...»
Деп тұрғандай Ұлы атам.
Туыстарым қиналады,
Қимай мен де жұбатам.
Қалай сүйдім құба таңын,
Неткен Дала – дарқан, алып!
Кетіп барам Ұлы атамның
Аманатын арқаланып...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу