Баталар ✍️

  19.10.2021
  438


Автор: Төле би

Төле би батасы

Төле бидей қартыңның
Аппақ сүттей сақалы.
Сабалақтай баланың
Оң болса екен сапары,
Мол болса екен қатары.
Сегіз қиыр, шартарап,
Кең жайылсын атағы.
Елдің үлы бола біл,
Еліңе ақыл сала біл.
Алла ісің оңғарсын,
Жұрттың қамын толғарсың,
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Жалпақ жатқан байтақты
Жан аямай қорғарсың.
Пана болып халқыңа,
Көз қырын сал салтыңа,
Адал жүріп қызмет қыл,
Қарай көрме, қайырылып,
Жолда жатса алтынға,
Дүние бұзар адамды,
Байлығыңа мақтанып
Босқа алқып-шалқыма.
Қанша аспандап кетсең де
Сен баласың халқыңа!
Сақалымның ағында,
Өлерімнің шағында,
Бердім осы батамды,
Балам, маған налыма.
Дәулетің мен бақытың
Жетсін жеті ұрпаққа —
Пешенеге берген секілді.
Алтын ерлі ақ боз ат
Астында сенің арысын.
Қолаң шашты, қой кәзді,
Алғаның бірге жасасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу