Баталар ✍️

  18.10.2021
  280


Азаматқа бата

Ойың көсем болсын,
Сөзің шешен болсын!
Осының бәрі —
Сөзімнің нәрі
Құдайымның құлағына шалынып,
Тілеуім қабыл болсын!
Құдай жолынды оңдасын!
Бес жүз саулық қоздасын,
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын!
Айдап келген жылқыңнан,
Алпыс айғыр азынасын,
Жиып келген түйеңнен,
Жетпіс інген боздасын!
Өзіңнен байлық озбасын!
Ағайынның жарлысы,
Бөтен жақта тозбасын!
Жанкүшіктің биесін берсін,
Жансүгірдің түйесін берсін,
Нұржанның қойын берсін,
Кім жақсы болса, соның ойын берсін,
Бермейтұғын сараңның,
Екі қолы байлансын!
Сөйтіп соры қайнасын,
Бермегеннің жаманын
Көр ішінде ойласын!
Ұзақ етсін жасыңды,
Берекелі берік қылсын,
Малың мен басынды!
Тандамахшар күнінде
Шәрбат етіп қайтарсын,
Бізге берген асыңды!
Өзің жүзге келгенде,
Тоқсанға келсін алғаның!
Кемпір, шал болып қалғыған,
Шайқы фани болғаның!
Сол жастарға келгенде,
Құмған болсын қолында.
Бола гөр хақтың жолында,
Он бес ұл мен он бес қыз
Еріп жүрсін соңыңда!
Жүзге жетсін түйеңіз,
Үш жүз болсын биеңіз.
Жығылғанды сүйеңіз,
Тарығып келген адамға,
Бермесек, отқа күйеміз.
Бір Алланы сүйеміз.
Әр жерлерде жар болсын,
Хақ жасаған иеміз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу