Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  93


Автор: Исраил Сапарбай

Жүрiп өткен iзiңдi санамалап

Жүрiп өткен iзiңдi санамалап,
Алаңдайды көңiлiм ала қанат.
Жер басқанның бəрi де пенде болса,
Перiштенiң жолын кiм жаңаламақ?!
Перiштесiң!
Титтей де жоқ күмəнiм!
Аспан – сенiң ауылың,
Көк – тұрағың.
Мезгiлiмдi мерт қылмай, ертелi-кеш,
Мен де, бəлкiм, сол жаққа бет бұрармын.
Неге сенi еске алдым тағы бүгiн?
Есебiмнен бұл, бəлкiм, жаңылуым?..
Алпыс екi тамырдың талшығына
Тарап кетсе қайтейiн, жаным, уың?
Перiштесiң...
Ғайыптан жетер ме үнiң?..
Қол созғаным, қош айтпай, бекер күнiм.
Шерменденiң шекпенi кiмге дəрi?
Шерге айналып кетпегей шекер мұңым...
Бар екенi рас болса қанатыңның,
Жарқ етсеңшi қойнынан қара түннiң!
...Жазғаны мен айтқаны кiмге керек,
Перiштедей болмаса жары ақынның?!.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу