Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  108


Автор: Исраил Сапарбай

Түн түндiгiн жапқалы таң ұрланды

Түн түндiгiн жапқалы таң ұрланды,
Тар төсекте тал бойың тағы ырғалды.
Сала құлаш шашыңнан сəл босаса,
Саусағыммен санаймын қабырғаңды.
Бiреу, екеу...
Аржағы – ақ бəденiң..,
Талаураған тал бойың, тəттi əлемiң...
Екi кештiң əфсана əлетiнде
Есi-дертiм ауады таққа менiң!
Таққа мiнген қандай-ды,
Таққа қонған!
Саулық тiлеп сəт сайын Сақтағаннан!
Икемiме илiгiп исiнедi
Ақ қанатын жайып сап əппақ Арман!
Əппақ арман,
Ақ жастық,
Шашың қолаң...
Аптығыммен əуремiн басылмаған.
Əлсiн-əлсiн бүркейсiң əлiң құрып
Əбдiреңдi ашылған, ашылмаған...
...Таң бiлiндi түн өңi бозандана,
Көңiл көкте,
Көрiмпаз көз алмада.
Ертегiнiң елiмен қоштасалық,
Есiңдi жи,
Көзiңдi аш, гөзал бала...





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу