Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  276


Автор: Исраил Сапарбай

Мен Сізді сүйген едім

Мен Сiздi сүюшi едiм пəк көңiлмен,
Ойнаушы ем оңашада тəттi ойыммен:
Жаралған екеумiзден Перiштеге
Ардашер, Айжүрек деп ат қоюмен.
Мен Сiздi сүюшi едiм жан-тəнiммен,
Кем көрмей кейпiңiздi хан, тəңiрден.
Қаншама ғұмыр кештiм албырт, асау
Қанымды қазығында қаңтарумен?..
Мен Сiздi сүюшi едiм мүлдем бөлек,
Мұны ешкiм Сiзден бөлек бiлген де жоқ.
Көктемде көзiме оттай басылатын
Айнымай екеумiзден гүл мен желек.
Мен Сiздi сүйiп едiм, сүйiп едiм,
Түсiме енетiнсiз жиi менiң.
Жалғанның жалғанына тəн берсем де,
Тағдырдың салғанына күйiнемiн.
Байқамай жүрегiмнiң дерттенгенiн,
Өзiмдi осы халге жеткергенмiн.
Қарайлап жолыңызға, құдайым-ау,
Қаншама ай-жылдарды өткергенмiн?..
Бiлтедей жанып-сөнiп мұршам, əлiм,
Сiзге емей, ендi кiмге мұң шағамын?
Апырмай, жолым менiң мұншама ауыр?
Апырмай, сорым менiң мұнша қалың?!
* * *
Мен Сiздi сүйген едiм қалап өзiм,
Қарайлап жолыңызға қаракөзiм.
Елжiреп,
көңiл босап,
көрген сайын
Есiме оралатын бала кезiм...
Мен Сiзге еркелеушi ем тұлымдыдай,
Мұнымды қош көрмей тұр бүгiн құдай.
Түн қайда тұншықтырған құшағында?
Күн қайда ынтықтырған бұрынғыдай?
Сабырсыз сезiм неге салқындады?
Кешегi қағiлездеу қалпым кəнi?
Тауысып алдым ба əлде, алмағайып
Ғажайып кеудемдегi бал тұнбаны?
Кiнəлi уақыт па арада өткен?
Көктем бе бар қызығын ала кеткен?
Əйтеуiр көңiл шiркiн алай-дүлей
Қап қойған жолаушыдай самолеттен.
Сырымды өзге жанға айтам қалай?
Сырт көзге сыңар күйiм байқалмағай.
...Бүгiнде бұлт iшiнде булығады
Кербезсiп кеңiстiкте найқалған Ай...
* * *
Мен Сiзге өлердейiн ғашық едiм,
Көруге, көрiнуге асық едiм.
Көктемнiң жазға ауысқан əлетiндей
Барады күннен-күнге қашып өңiм.
Күтулi жазған жүрек,
Сiзден бiр ем,
Не қайыр күңгiрт тұман күзден күрең?
Сергелдең кешерiмдi сезе тұрып
Мен Сiздi, сенесiз бе, iздеп жүрем.
Мен Сiздi iздеп жүрем жерден, көктен,
Тағдырды қойсайшы бұл шерменде еткен.
Аумаймын есуастан,
екi қолын
Елеске ертелi-кеш ербеңдеткен.
Мен Сiздi мезi еттiм бе ұнай-ұнай,
(Қашанғы құлқыңызға құлайын-ай...)
Негiзi тастан берiк немедейiн
Не деген немкеттiсiз, құдайым-ай?!
Көз жасын көлдететiн тұра қалып
Көгiмнен көшпей қойды-ау бiр алабұлт.
Айтпай-ақ əйел жанын түсiнетiн
Сiздi де ақын дейдi-ау мына халық!
* * *
Мен Сiздi алғаш көрген күн есiмде:
Өзiммен шамам болмай күресуге,
Бел будым – қолыңыздан мықтап ұстап
Беймəлiм дүниеге iлесуге!
Сырлы өлең,
Сыңсығандай мұңды əнiңiз
Еркiмдi ес жидырмай ұрладыңыз.
Көрiне көзге ұрынып тұрмағанмен,
Көп екен жұлдыздан да жұмбағыңыз!
Сол жұмбақ тартты менi Жұмағына,
«Қылығың, – демедi ешкiм, – күнə мына»
Елiктiң ес кiре ме лағына,
Мергеннiң мертiккенше бiр оғына!
Мертiктiм!
Жүрегiме тидi оғыңыз,
Сонан соң...
бiрге болды күй, халiмiз.
Сыры мен нұры, жыры, сиқыры мол
Ғажайып бiр əлемдi сыйладыңыз!
Ғажайып сол əлемнiң iшiнде мен
Өзiмдi-өзiм шындап түсiнген ем.
Сол күнге риясыз борыштымын,
Бiр тамшы уым болса iшiлмеген!
...Мен Сiздi алғаш көрген күн есiмде:
Өзiммен шамам келмей күресуге,
Жаңбырдың арасымен жүрген жандай
Тағдырдың кете барғам үлесiнде.
Мен Сiздi алғаш көрген күн есiмде...
* * *
Көп болды телефонның үнi өшкелi...
Бiр қызды ұмыттыңыз Күнестегi.
Қырқылып қыршынынан мендегi үмiт,
Құлпырып қия бетте гүл өспедi.
Құлпырып қия бетте өспедi гүл,
Бел асып белгiсiзге көшкелi күн.
Санамды жаулап алған сағыныштың
Сарғайған жапырағын кештi өмiрiм.
Өршiген өзектегi өрттен бе едi –
Дəрменсiз дегбiрiмдi дерт меңдедi.
Өмiрдiң ажар-өңi сұрқай тартты,
Көңiлдiң көк дөненi ерттелмедi.
Иə, аға, ұмыттыңыз, ұмыттыңыз,
Кiмге ұнап,
Кiмге тағы құнықтыңыз?
Жазылмас жан дертiммен жалғыз қалды
Сiз сүйген бiр кездегi қылықты қыз.
Аспанда Ай қамалып қара бұлтқа,
Күн де өрттей сөндi бүгiн алабұртпа.
Көктемге жаз iлесiп, күз ұласып,
Уақыт түстi аяусыз аралыққа.
Көп болды – Сiздiң жақтан жел еспедi,
Көк майса көзден ұшты белестегi...
Екеумiз иен дүниеден еншi алған күн
Апырмай, кеше ғана емес пе едi?
...Көп болды – Сiздiң жақтан жел еспедi...
Табылмай iздегенде
Сiз де, Мен де,
Ұқсаймыз үмiт жiбiн үзбегенге.
Емi жоқ,
екi еркектiң бiрiне тəн
Бар едi бiр «дертiңiз» қыз дегенде.
Бар едi бiр дертiңiз емi қиын,
Сал əнiн,
серiк еткен серi күйiн.
Етегiн талайлардың түрдi ме екен
Дегбiрсiз сол бiр «дерттiң» демi құйын...
Кеудемде: мың бiр күдiк, мың бiр егес,
Күнде осы,
Құдайым-ау, бұл бiр емес.
Бүгiнде жүрегiңiз – жұлым-жұлым,
Бүгiнде түр-өңiңiз – бұлдыр елес.
Қинайды тағдырымды табалап күз,
Қайғысыз,
Жан ба едiңiз қанағатсыз?..
Алыстап күннен-күнге менен, аға,
Апырау, қайда кетiп бара жатсыз?
* * *
Мендегi көңiл бүгiн жорта ғана,
Мендегi сезiм бүгiн орта ғана.
Бiр күнi... Сiздi жəне мына өзiмдi!
Жек көрiп кетем бе деп қорқам, аға.
Көңiлiм Сiзге, рас, шын құлады,
Құлаған сезiм жанды құл қылады.
Көктем де
көк те,
жер де,
көкжиек те
Мен үшiн мұңды, мұңды, мұңды бəрi!!!
Мұңды анау мұнарланған қыр-беткей де,
Көрiнер күллi дүние мұң боп кейде...
Жалғыз тал жапырақтай, қайран, жүрек
Қар жаумай, қазан ұрмай дiрдектей ме?
Бағбаны Сiз едiңiз бақ гүлiнiң,
Қара күз есiгiмдi қақты бүгiн.
Аңсау мен сағынышқа бой алдырған
Кешегi жақсы екен ғой тəттi мұңым.
Қалмаған ойда ойыны, қырда сəнi
Жылау мен сыңсу ма едi ұрғашы əнi?
Көктем де,
көк те,
жер де,
көкжиек те
Менiмен,
тек менiмен мұңдасады.
Көңiлiм көзсiз, ессiз шын құлаған
Қайда сол сырлы ғалам
– сұңғыла жан?
... Көбелек қанатындай дiрiлдейдi
Бiр сағым көз ұшында бұлдыраған.
* * *
Шайқалтып шарасынан небiр көлдi.
Көзбенен iшiп-жейсiз көрiнгендi.
Жадыра жаздан гөрi күзге қарай
Мезгiлiм ауған бiлем менiң де ендi.
Қырандай қыдырыстап қырымдарға,
Сұқтанып сүзiлесiз сұлуларға.
«Жыныңыз» ұқсамайды басылғанға,
Жүнiңiз ұқсамайды жығылғанға.
Аңшыдай аңсары ауған алтайыға
Əуессiз қыз-қырқынның əн-тойына.
Жарасқан жамал-көркi жан көрсеңiз,
Жанына жағалайсыз жантаюға.
Елпiлдеп ес қалмады-ау жүректен де.
Тоты құс торда түсiн түлеткенде!
Жұмсақтау мақамыңыз мақалдан да,
Мəйiндеу мiнезiңiз жiбектен де.
Осы ғой ұрғашының бiр ындыны,
Қайтсiн ол жылтыр,
жылтпос,
жырындыны?
Еркектiң көп емес қой Көкбөрiсi,
Əйелдiң аз емес қой бүгiн мұңы.
Не iстейiн ықыласым ауса ағаға,
Арманын əйел айтып тауса ала ма?
Бiз түгiл, амал қанша, заман зəру
Сабырлы ой,
Салмақты ақыл,
Сау санаға...
* * *
Жүрегiм жүрiсiнен жаңылғандай,
Тынысым түн iшiнде тарылғандай.
Алмаймын көз шырымын түн баласы
Бiлмеймiн, сорым қандай, бағым қандай.
Таусылар тағдырымның қай күнi əнi?
Көңiлiм əр нəрседен шайлығады.
Лəйлiнiң махаббатын Мəжнүн танып,
Мəжнүннiң машақатын Лəйлi ұғады.
Ұқсаймын мен Лəйлiге,
Лəйлi маған,
Жазмышы озмышынан айнымаған.
Тарылған етек-жеңi тiршiлiкте
Арылған ару байғұс қай күнəдан?
Күнəм бар бетiн бұрған арылмасқа,
Ем-домы ессiз дерттiң табылмас па?!
Көрмеген жардан лəззат жазған жүрек
Əйтеуiр, Сiз дегенде жаным басқа.
Қаладым Сiз үшiн де Тамұқ отын,
Көрмесем халге жеттiм сағынатын.
Айында, келсеңiз де жылында бiр,
Бəрi жөн Сiздiкiнiң, бəрi мақұл.
Кешемiн,
Кешiремiн,
Бəрiн кешем!
Дертiме, сiрə, менiң табылмас ем.
Құдай-ай, арман бар ма,
Жаныңызда
Жалынға жанып жатып «жарым» десем?!
* * *
Көңiлiм өзге ешкiмдi қаламады.
Үй қамы,
Қалды бəрi... бала қамы.
Жазылған жазмышыма жарық күннiң
Байқалып келе жатыр жаңа мəнi.
Жайқалып келе жатыр жан дарағы,
Жарасып қайың,
Терек,
Талдар əнi!..
Жұқалтым қан жүгiрген жамалыма
Ай күлiп,
Күн жымиып,
Таң қарады.
Қарайды бəрi маған күлiп, тұнып,
Бiр сəтке мұң-зарымды ұмыттырып.
Жасаған мынау дүйiм дүниенi
Жаратқан неге сонша қылықты ғып!?
Бұлт қайда қабағыма қаптай қонған?
Таң қайда ұзақ түнге атпай қойған?
Құйқылжып құсы сайрап, гүлi жайнап,
Қалайша дүние дүрия баққа айналған?
Келiсiп кеңiстiктiң шаңырағы,
Кешкiлiк жұлдыз көктен жамырады.
Сарайын ашық тастап салтанатқа
Маңайым мақпал мəуiт жамылады.
Ұқсайды елiк маған,
Мен елiкке.
Екеумiз иен дүниеге енелiк те...
Елiгiп, ерiп кете жаздап тұрмын
Жеңiмнен жетектеген желемiкке!
Барады алып-ұшып неге көңiл
Қондырып гүлден-гүлге көбелегiн?
Басыма қонып алып ұшпай қойған
Бақыт па?
Қуаныш па?
Немене бұл?
Һайамның бал шарабын iшкендеймiн,
Бұл күйге түскенiм не түстен кейiн?
Көзiмнiң аясында айдай əлем
Əп-сəтте төңкерiлiп түскендейiн.
Күн қайда мұнар басқан,
мың арбасқан?
Мұңымды шаттығымен кiм алмасқан?
Уыздай уылжыған бiр дүние
Тұрғандай уысынан шығармастан!
Ем тауып жанды жеген жарақатқа,
Ақпан да,
Қалды артымда алапат та!..
Бұл əлде Сiзбен келген жақсылық па?
Бұл əлде Сiзден көрген шарапат па?!
* * *
Көрiнбей көкжиектен Күнiм кей күн,
Жалғыз тал жапырақтай дiрiлдеймiн.
Басқаны қайдам, аға, Сiз үшiн мен
Он екi Перiштенiң бiрiндеймiн.
Мекенi Перiштенiң аспан болар,
Аспаннан астам шығып асқан да бар.
Көздi ашып-жұмғандайын тiршiлiкте
Əн қалар,
Мəңгi өлмейтiн дастан қалар.
Түсiрмей көк төрiнен жерге менi
Əнiңiз жүрегiмдi тербеп едi...
Жаныңның қалтарысын жазбай танып,
Жайыңды түсiну ғой – ең керегi.
Пендеден Перiштеге айналғалы
Көңiлiм Сiздi көрмей жайланбады.
Кей күнi құшып жүрем жұлдыздарды,
Кей күнi ұшып жүрем Айдан да əрi!
Өзiмше өлшеулi өмiр кештiм деп ем,
Мен, əсте, гүл екем-ау кеш гүлдеген?
Назды жыр,
сиқыр сазды əн де екем-ау
Əуенi əлi ешкiмге естiлмеген!..
Талтүстiң болмайды екен көлеңкесi –
Мен екем ер қалауы,
Ел еркесi!
Алғандай құшағына əн əлемi,
Қонғандай көкiрегiме өлең көшi!
Көңiлге көктем қонып,
Құбылды қыз!
Шелiмдi баса алмады шырын қымыз.
Сiз осы қайдан маған жолықтыңыз?
Сiз осы қайдан маған ұрындыңыз?
Қай жақтан жеткiздiңiз жылы ағысты,
Бақытты,
Бағы бостан қуанышты?
Жүрегiм құлындайын ойнақ салып,
Көңiлiм құлдыраңдап құрақ ұшты.
Өмiрiм – бейне көрген түс пен өңiм,
Өзiме «я, құдайлап» күш беремiн.
Бозарып келе жатыр тағы бiр таң,
Тазарып келе жатыр iшкi əлемiм.
Кiм бiлсiн, басыбайлы байландым ба,
Өткiзген Сiзсiз сауық-сайран – күнə.
Көбiрек ой аулаймын оңашада,
Көбiрек аялдаймын айна алдында.
Жетiлген жел өтiнде жапырақ ем,
Табылып тiлегiмнен жатыр əлем.
Күн сайын ұйқы алдында дұға оқимын
Махаббат анасының атына мен...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу