Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  157


Автор: Исраил Сапарбай

Менің Мәжнүн – жүрегім

Кiмге керек бұл жүрек сен ұқпаған?!
Күз гүлiндей күн сайын семiп барам.
Кең дүние тұрғанда,
Кеуде деген –
Керек пе едi Мəжнүнге берiк қамал?
Мəжнүнiм-ай, зар болған Лəйлiсiне,
Қара көзiң телмiрер қай кiсiге?
Қара басын қамдаған қайманаға
Қайыршының мұңы не, қайғысы не?!
Өзiмдiкi болмай тұр, өз жүрегiм,
Оны қалай мен саған сездiремiн?
Күн қақтаған айналып бөзге реңiм,
Тез мұңайып,
Тез жылап,
Тез күлемiн...
Амалым не,
Ай-күннiң аманында
Ақылым да, таусылса амалым да?
Мəжнүн мұңын кiм ұғар, құдайым-ай,
Жəми жапан жұтылса жанарымда?!
Тəңiрiм-ай, қайда едi жарық күнiң?
Кiм түсiнер ғашықтың ғарiп тiлiн?
Өткiр жүздi қолыма қанжар түссе,
Жүрегiмдi тастар ем жарып бүгiн!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу