👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  114


Автор: Дәркен Танабаев

КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ӨЛЕР АЛДЫНДАҒЫ АЙТҚАН АРЫЗЫ


Баянсыз өткен жалған-ай!
Алыстап кеткен арман-ай!
Абылайхан биік көтерген,
Ақ туым қайда қалған-ай!
Тарылды дүние тар маңай,
Күй кештім қанша талғамай.
Қобызың қайда Нысанбай,
Отырсың неге сарнамай.
Бергені құдай қасты да,
Алпауыт орыс басты да.
Халқымды жинай алмады,
Ақ тудың қосып астына.
Ақ берен киіп асынған,
Батыр боп өстім жасымнан,
Жебедей жауға қадалдым,
Елімді таптап басынған.
Елімнің алған мазасын,
Берем деп кәпір жазасын.
Амал не қанша өткердім,
Жан қиған достар қазасын.
Есілден кеттім еңіреп,
Іздедім қоныс кеңірек.
Аңсадым Баян ауылды,
Тарылып кетті төңірек.
Көкшені сұлу қимадым,
Тағдыр-ай неге қинадың.
Кеудеме алау сыйлаған,
Сарыарқа саған симадым.
Қиырдан Қоқан жамырап,
Шайқалды тағы шаңырақ.
«Ақтабан» аздық қылғандай,
Қазағым қалды аңырап.
Шыдамның бірақ шегі бар,
Қайтпаған әке кегі бар.
Қанымда тулап долданған,
Азулы Қасым тегі бар.
Ойқастап ойран салдырған,
Айқаста білек талдырған.
Тарпаңмен жауға тап беріп,
Атылып шығар жал қырдан.
Семсерін шешпей асынған,
Түйілсе жауын қашырған.
Жоламан, Сержан, Наурызбай,
Жолбарыс текті асылдан.
Бауырым нәзік Бопам-ай,
Батырлар тұрса бата алмай.
Жарқылдап алмас қылышың,
Түйілуші еді сақадай.
Сыпатай батыр Рүстем,
Беріп ең баста дұрыс дем.
Қырғызға еріп айныдың,
Шығатын жерде ұрыспен.
Жолымды ойша аралап,
Билерді тұрмын қаралап.
Қолыма әттең түспедің,
Орыстың ығын паналап.
Басым боп сенім күдіктен,
Келіп ем соңғы үмітпен.
Қырғызды қосып алам де,
Ақыры тынды бүлікпен.
Қайысқан болмай қол жағы,
Әруақтар жалғыз қолдады.
Қазақты жинап беретін,
Төле би бабам болмады.
«Ел болам»-сөзі далбаса,
Ойлағаны шен мен мал болса.
Әр қазақ оны сезініп,
Қылышпен қорғай алмаса.
«Арманға биік жетем деп,
Семсерді сермеп өтем деп,
Қазақтың халқын патшаның,
Езгісінен азат етем деп»
Менен де кетті мың айып,
Өзің біл тақсаң сын айып.
Ашулы кекпен өртенген,
Ар-намысыма осы лайық.
Байырғы бабам ізімен,
Тұлпарлар жортқан түзімен.
От кешіп өткен өмірім,
Алмастың өткір жүзімен.
Еңсемді биік көтерген,
Жүректе алау, еті өлген.
Сарылған дала үстімен,
Телқоңырмен ағып өтермем.
Зарыққан көңіл.Тар маңай.
Бұлдырап үміт, жалған-ай!
Абылайхан биік көтерген,
Ақ туы бізге арман-ай!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы