Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  703


Автор: Дәркен Танабаев

ҚАРЛЫҒАШ БИ

І
Жау кеп қалды шаңырақты жығыңдар,
Малды айдап үңгір тасқа шығыңдар.
Астан-кестең болып қалды бір сәтте,
Үрейленген бала шаға бұрымдар.
Жиналды ауыл, Үңгір тасқа бет бұрды,
Жалғыз қара үй бұзылмастан шет тұрды.
-Төле атама не болды екен?-білмедім,
-Қарамаңдар тездетіңдер деп тұрды.
Шығыс жақтан көтеріліп қара шаң,
Қол төнеді сұс көрсетіп орасан.
Ентіккендей астындағы аттары,
Қанды көздер ойнақтайды қарасаң.
Жалғыз тұрған шаңыраққа таяды,
Шалды көрді-қолында тек таяғы.
Жүрек жұтқан, бұл ант ұрған кім екен,
«Әкел жылдам» деп бұйырды нояны.
Ажал келді. бұл қақпастың саспауын,
Көріп тұрып қарай көргін қашпауын.
Сорлы басын бірақ шауып қылышпен,
Төңкерейін төбесіне астауын.
-Ей пенделер, керек болса қан дайын,
Өлтірсеңдер, міне басым мен дайын.
Шаңырағыма ұя салған қарлығаш,
Тұрар ма едім ойлар болсаң сен жайын.
Қанаттары балапанның қатпаған,
Ұша алмайды шырылдап тек жатпаған.
Сорлы анасы өсірем деп оларды,
Күн ұзаққа бір де тыным таппаған.
Аяушылық жаса деймін соларға,
Құс боп ұшсын шарықтасын олар да.
Шаңырағым қирап қалса не болмақ,
Ойраныңды сала бер сен адамға.
Үнсіз тұрды әскер басы ойланып,
-Қайсар шалдың мейіріне таң қалып.
Сарбаздарын ертіп алып соңына,
Кете барды Қазығұртты айланып.
ІІ
Жылдар жылжып ғасырларды құраған,
Сан тағдырға тарих куә жыр анам.
Ей болашақ өткендерге басыңды ій,
Саралай біл, салмақтай біл сұранам.
Өмір өзен сан аранға бұраған,
Бабалардың жолы жатыр бұралаң.
Туған ел деп өтіп еді ғұмыры,
Моласы да ұрпағым деп тұр алаң.
Соғыс бітіп бұрынғыдай жан қинап,
Жайлы тірлік, дұрысталған сән сыйлап.
Мына тұрған күмбездерді сырыңдар,
Бұл арадан соғылады комбинат.
Көрмеген жан өз еліне жан ашып,
Берген бастық тапсырманы данасып.
Мына тұрған күмбездерді сырыңдар,
Әруақтармен жатсынба ол санасып.
Жүрген жолын темір тұлпар таптаған,
Үрейленген ұясында жатпаған.
Көтерілді көк аспанға бір сәтте,
Сансыз еді қарлығаштар қаптаған.
Шаң көтеріп келе жатқан назарға,
Қарсы атылды қарлығаштар тажалға.
Соққылайды терезесін, моторын,
Тоқтатпақшы ырық бермей ажалға.
Трактордың отырған жан ішінде,
Ұқпай қалды өңі ма әлде түсі ме.
Қашып шықты кабинадан атылып,
Өз кінәсін сезген болар ісінде.
Өлді-ау деймін бейбіт құстар жүздеген,
Өзімшілміз осы неге біз деген.
Бабалардың мәңгілік мекеніне,
Барып қайтым Ташкентке күзде мен.
Бір өзіне тартқандай ма күн көзін,
Төле атамның сақтап қалған күмбезін.
Қарлығаштар қатар ұя салыпты,
Айтқан сөзім аңыз емес шын сезін.
Кейде шошып оянғанда түсімнен,
Бір құдірет бар деп қоям ішімнен.
Айыр құйрық Төле атамның құстары,
Бабамыздың қасиетін түсінген.
Көп үйлерден жайлы мекен тапқандай,
Қарлығашы бар үйлерде бақ бардай.
Шырылдаған балапанын тойдырып,
Атам жайлы аңыз айтып жатқандай. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу