Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  115


Автор: Дәркен Танабаев

ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

Тіршілікке қысы жайлы, жазы құт,
Атамекен қош!
киелі Қазығұрт!
Мақсатыма жетсем деймін асығып,
Шақырады арман, қиял алыс жұрт.
Байлық, атақ шен де емес керегі,
Адам неге бұл өмірге келеді?
Не деп сонда соғар екен жүрегі,
Не мақсатпен сонда өмір сүреді?
Не себепті алмасады күн мен түн,
Сонда оны жасайтұғын екен кім?
Неге жүрек бірақ жанды қалайды,
Не себепті нұр шашады жарық күн?
Ақиқатын кім біледі бұлардың,
Қалай түсті сүрелері құранның.
Ақтарайын еңбектерін екшелеп,
Небілді екен даналары Тұранның.
Саралайын ұлылардың іздерін,
Жұмбақ сырын үмітімнен іздедім.
Құпиясын түсінбедім әзірге,
Түсінуден бір сәт күдер үзбедім.
Көктем нұры тасытқандай қанымды,
Сардаламен егіз өскен жанымды.
Тыңдап әнін, әнші құстың сайраған,
Жұпарыңа қандырайын тәнімді.
Ертеңгі жол болашаққа бастамам,
Жер көтерсе аспан болар баспанам.
Туған жердей қайдан болсын бірақ та,
Мақсатымды орта жолдан тастаман.
Біздің мынау сондай ғажап ауылға,
Аңқылдаған ағайынға, бауырға.
Жер жетпейді, жан жетпейді білемін,
Нағыз жігіт сыналмай ма дауылда.
Бақыт өзі келе қоймас мұндалап,
Кішкентай бақ, қажет етер тау талап.
Тағдырымды мен де сынап көрейін,
Келмеспін мен бұл өмірге қайталап.
Алыс жолға топырағыңнан алайын,
Ырым қылып тұмар етіп тағайын.
Келерім қақ күтші мені Қазығұрт,
Оралғанша қош аман бол ағайын.
II
Ия солай кете барды шын дарын,
Жолыменен ұшып өткен тырнаның,
Сәтті сапар тілеп қалды туған жер,
Жат мекенге қимай асыл ұлдарын.
Қимастықтан әзер тұрсың езіле,
Керек еді-ау мұндай дана өзіңе.
Қараңғылық қабырғаңды сөккенде,
Сағыныштан жас толатын көзіңе.
III
Пәк жүректің, ақ ниеттің мұңынан,
Нұр кеудеңнен туған екен сұлу ән.
Музыканың құдіретті кітабын,
Сенің нәзік жүрегің деп ұғынам.
Ақ қыраулы Алатаудың шыңынан,
Мөлдір бұлақ өзіңдей боп тұныған.
Әбу Насыр Әл-Фараби атыңнан,
Қазағымның даналығын ұғынам.
Күн секілді шашылған соң шұғылаң,
Еңбегіңе басымды ием, жығылам.
Мен өзіңді аруақты бабам деп,
Ал өзімді ұрпағың деп ұғынам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу