Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  209


Автор: Дәркен Танабаев

ҚОРҚЫТ АТАНЫҢ НАҚЫЛЫ

Күннен-күнге өмірің өте берер құйындай,
Тілегің қабыл болмайды тәңіріңе сыйынбай.
Дүние жиып пендесі тоқтатпайды күресін,
Жейді бірақ ішінен тек тиісті үлесін.
Маңдайыңа жазбаса жаманшылық келмейді,
Қырық жыл қырғын болса да ажалы жетпей өлмейді.
Ақиқатты ту еткен, адам отқа күймейді,
Тәкаппармен менменді тәңірі де сүймейді.
Жүз айтқанмен бәрі бір санасы жоқ ұқпайды,
Алтын әбзел таққанмен есектен тұлпар шықпайды.
Ат қиналмай, терлемей ұзақ жолдар алынбас,
Қайтпас қайсар қылышсыз жаудың шебі шабылмас.
Алмас қылыш болса да қорқақ жаудан ықпай ма,
Қазығұрттың тұлпарын мінсе де одан жоқ пайда.
Ер жігіттің айбатты білектері құрыштай,
Садағының оғы да кесіп түсер қылыштай.
Намысына булығып қалай тұрар тұрыспай,
Елді қорғау мүмкін бе ерлік жасап ұрыспай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу