Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  155


Автор: Дәркен Танабаев

КӨЗДІ АТА

Қазығұрттың бар бұлағы киелі.
Табиғаттың бізге берген сыйы еді.
Көзді ата аңызын мен жырлайын.
Қалың құрақ көз бұлақтың жиегі.
Қайғы жұтып қан қақсатқан заманда,
Мөрін басқан жалаң аяқ табанға,
Тағдыр төгіп тауқыметін басына,
Қаралы күн туыпты бір адамға.
Елін қырып шаңырағын күйретіп,
Қанішер жау келген қылыш сүйретіп.
Бейбіт жатқан бір ауылды шабады,
Бөлтірігін бөрілікке үйретіп.
Қайғы шері бар тамырын қозғаған,
Күңіренген күй шертеді боз далам.
Қолын созып құдайын да тілдейді,
Қария мен ботасы тұр боздаған.
Айырмады күндіз бе еді, кеш пе еді?
Дәрмені жоқ, үміт оты өшпеді.
Қарияның көзі көрмей қалыпты,
Немересі қасына ерген бестегі.
Келе жатқан өзі әбден шөлдеген,
Дала гүлін қоңыр самал тербеген.
Тұңғиықта қара түннің ішінде,
Көмкерілген көк аспанды көрмеген.
-Көрер едім нұрын берсе пырағым,
Қазығұрттың қалдырмастан жырағын.
Айтшы қалқам, көкейіммен көрейін,
Жүрегіме жарық берші шырағым.
-Биік таулар бір-бірімен таласқан,
Ақша бұлттар аса алмастан жанасқан.
Қақ төбеден нұр шашады алмас күн,
Мөлдір тұнық сұлу екен көк аспан.
Жасыл шалғын жел тербеген, мұңдаған,
Тауды бойлай асау өзен жынданған.
Қызыл қанат көкті самғай алып құс,
Өркеш таудан жем іздейді, қырлардан.
-Сен болмасаң енді қалай жүрер ем,
Қара түнде көз жасымды төгер ем.
Жетектеші мені бұлақ басына,
Кел жүрелік қолыңды бер немерем.
Бірі соқыр, екіншісі тым әлсіз,
Келе жатыр жайлы күнде куәсіз.
Бір бұлақты немересі көреді,
Мөлдіреген, қайнап жатқан риясіз.
-Отты көзім сөніп қалды қараңғы,
Жан-жарыма қанжар жауым қадады.
Арманымды кетті олар бауыздап,
Қыз, келінім күң боп енді барады.
Сүйенерім сен-ақ қалдың қарағым,
Орны жаман жүректегі жараның.
Артық еді жау қолынан өлгенім,
Өмір қысқа менде өтіп барамын.
Ей, жаратқан көрсетпеші зобалаң,
Шыбын жаным балам үшін садағам.
Қанішер жау қырып елді кеткенмен,
Ұрпақ жалғар ботақаным сен аман.
Тәңір берді, тәңір өзі үйірді,
Мекен қылмай өзге жерді қиырды.
Аят оқып шүкір деді күбірлеп,
Туған жердің топырағы бұйырды.
Жасап жатты білген барлық ырымын,
Суға жуды, бетін, аузын-мұрынын.
Қос уыс су тиіп еді көзіне,
Сәуле шашты қарашығы нұрының.
Мөлдіреген көрді таза бұлақты,
Көрді тауды, кең даланы қыратты.
Күлімдеген күнді көрді төбеден,
Жасыл шалғын гүл жайнаған құрақты.
-О, Тәңірім жарылқады, қолдады,
Жанарсыз жан барыстай бір тордағы.
Тар қапастан шыққандаймын босанып,
Күш бергендей төңкеретін орданы.
Бір керемет бар осында сезінем,
Аңыз етіп айтқан елдің сөзінен.
Қасиетті көзді ата бұлағын,
Көргендер бар сол ғажапты көзімен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу