Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  202


Автор: Дәркен Танабаев

ӘҢГІР АТА

Аталарды мақтан қып атап өтем,
Біліп жүргін деп еді маған әкем.
Қасиеттің үлкені туған жерің,
Туған жерім, биігім өзің екен.
Дегеніңе жүрмейді қарамасаң,
Суын беріп түгелдеп санамасаң.
Малдың сырын білмейді қандай қазақ ,
Тұлпар болмас баптап сен тарамасаң.
Шопан атам; үйге қайт ұлым деген.
Қойды өзім қайтарам бүгін деген.
Қалғып түсте қарашы кеткен екен,
Күннің алтын нұрына күлімдеген.
Жел сыбырлап өтті ме кім біледі,
Әлде күрең су іздеп кісінеді.
Қара бұлтты үйіріп қарт Қазығұрт,
Жай ойнаған бұлттардың түсі ме еді.
Күркіреген аспаны, күнсіз бе еді,
Әлде ашық сол беткей үнсіз бе еді.
Қандырып ап ұйқысын тұрса атам,
Жайған қойы алыстан көрінеді.
Алыс екен баруға ерінеді,
Құс ұйқысын аша алмай керіледі.
Қолындағы асасын бар күшімен,
Төмен қарай лақтырған көрінеді.
Әлде пірі атамды демеді ме,
Шақырғанға қойлары келмеді ме,
Аса таяқ әңгірлеп көк аспанда,
Шілтер атам күш беріп жебеді ме.
Төнгендей төбесінен қыран бүркіт,
Ұшақтың пәресіндей өткен бүркіп.
Қадалған алдына кеп жануардың,
Қашыпты тауға қарай қойлар үркіп.
Көңілсіз күрең тартып күз өтеді,
Қыс келген ақ тон киген мұз етегі.
Жасыл жібек жамылып қайта далам,
Ал қызыл гүлге толған түз етегі.
Таудан құлап өр өзен ыршып аққан,
Ал уақыт кәдімгі ұршық аққан.
Өніпті біраз жылда тоғай болып,
Әңгір таяқ баяғы бүршік атқан.
Жаралған тоғай содан қалың талды,
Болмаса бұл жұмақты қайдан алды?
Осы бетте Әңгір ата деген сөз,
Аңыз болып ұрпағы бізге қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу