Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  114


Автор: Дәркен Танабаев

Бұл жалғанның баса....

Бұл жалғанның баса, баса текшесін,
Қызығымен азабын қос кешкесін.
Табанымды жараламай тұрғанда,
Жөндетпекпін қылдай болған өкшесін.
Етікшіге елпілдеген ебіммен,
Жөндесеңіз қанша ақсақал көңілмен.
-Базар нарқы бес жүз теңге болып тұр,
Болса болсын тағасымен -дедім мен.
Нәубет жылы бай, кулак деп тоналған,
Егеменде елге қайтып оралған.
Киген киім ауған, иран үлгісі,
Етікші қарт көрініп тұр оралман.
Қалай қоныс, ата, туған мекен деп,
Сандалымды шешіп жаттым икемдеп.
-Қайда барсаң екі қолға бір жұмыс,
Байсалды екен сөйлемеді көкем көп.
Бұйырғанын бұл тағдырдың көргенмін,
Қай жерде де еңбек етсе өлген кім.
Ауғанда да, иранда да бауырым,
Осы қолмен напахамды тергенмін.
Пенде болып болмас жанға ашынбау,
Елге деген сағынышым басылды-ау.
Ақиқатын білгің келсе ол жақта,
Адамдарда имандылық басымдау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу