Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  148


Автор: Дәркен Танабаев

«ҚАЗАҚСТАН» МЕНІҢ ТЕЛЕАРНАМ

Ұлттық арнам армысың, аманбысың,
Нұр дидарың шашады заман мысын.
Көкірегіне түйгендерін,
Жырға қосар сүйген серің.
Ерік бермей бойыма балаң күшім.
Алатаудан асығып ақпаратың,
Әрбір үйге зымырар шоқ қанатың.
Сахараның даналығын,
Шартараптың жаңалығын.
Көзді ашып жұмғанша ап барасың.
Ширатылып тағдырдың сындарынан,
Күй де кештің жаныңды мұз қарыған.
Сөз маржанын терейін мен.
Ширек ғасыр мерейіңмен.
Жанарымды байлаған дидарыңнан.
Бәйге атындай баптаған саңылағын,
Майталманын елімнің танығанмын.
Ордасы сен өркениеттің,
Өмірімді көркем еттің.
Өнерліні шыңдаған шаңырағым.
Зымыраған қарбалас заман күнің,
Кім тілеген қазақтың амандығын.
Тебіренген ақындарым,
Ақ беренді батырларын.
Дидарыңда рухани құндылығым.
Естіп көрдім, ұғындым ғалам үнін,
Елдің қамын шертесің дала мұңын.
Ақорданың үкімдерін,
Жеткізе біл «Бітімгерім».
Айдарыңда айнасы заманымның.
«Алтын жүрек » , «Аялы алақан»-ың,
Толғанасың жәудір көз бала қамын.
Өзегімді өртегенің,
Есейгенің ерте сенің.
Тағдырыңа алаңмын балапаным.
Сал серіміз сауықшыл «Дала думан»,
Салт дәстүрім жаңғырып дара туған.
Ұғынғанға өмір-тартыс,
«Намыс дода», «Көкпар», «Айтыс».
Суырылып шығады сара тұлғаң.
Сыр сандығын жаһанның жолықтырдым,
Жанарымнан кеудеме толып кірдің.
Байтақ дала ырысында,
Елдің әрбір тынысында.
Алтын қорын елімнің толықтырдың.
Әр айдарың жанымды тербетуде,
Қанша ұрпақ зерелеп ер жетуде.
Бақытым да қуанышым,
Азабым да жұбанышым.
Бар бейнесі елімнің келбетіңде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу