Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  126


Автор: Дәркен Танабаев

КЕҢЕС ЖАУЫНГЕРЛЕРІНЕ

Досым Әбдісамат Баймахановқа
Қара тастай
Қатып қалған санасы,
Есімде әлі
Көне ауған даласы.
Дінге берік
Маңдайының соры бар,
Тілі парсы
Мұсылманның баласы.
Ауған жайлы
Ой түйеді әр кісі,
Тарихында
Белгілі оның арғысы.
Оянбасын деп
Дуалап қойғандай,
Тиді ме екен
Құдайдың сын қарғысы.
Керуендей,
Колонна
Тау жолында,
Оңың шатқал
Шыңырау құз солыңда.
Тасбауыр тау
Тұнжырайды түнеріп,
Сенерім сол
Автоматым қолымда.
Біздің жерде дей ме?
Қандай қақың бар,
Қас мергеннен
Ажал оғын татыңдар.
Ащы даусы
Жаңғыртқанда шатқалды,
«Зенитканың» отты өңеші лапылдар.


Жаның тәтті
Шүберекке түйесің,
Артық айтпа
Әр сөзіңе иесің.
Алыстағы туған
Жерді сағынып,
Отқа салған
Одағыңды сүйесің.
Жетпейді енді бұған менің өресім,
Кейде зәбір өз «атаңнан» көресің.
Сиыр күні бұзауға да туады,
Орындай сал дейді досым өлесің.
Жасылсың сен
Піскен жоқсың
Шаласың,
Мен «атаңмын»
Сен әзірге «баласың».
«Ата» деген істемейді ештеңе,
Сен «баласың» айтқан тілді аласың.
Әскер саған
Ойын емес қақтығу,
Еркінсініп кетпе болмас аптығу.
Ер жігіттің рухымен намысын,
Тексеретін тактикалық жаттығу.
Ол да сені
Сен де оны сынайсың,
Жігіт болсаң өлтірсе де шыдайсың.
Жігеріңді жасытпасаң болғаны,
Мықтыларға менменсінген ұнайсың.
Қалдыр десе
Оны енді оңаша,
Санасатын жігіт болдың тамаша.
Адам болған күнді атап өткенмен,
Шер кеудеңді жібіте алмас анаша.
Бұйырған соң
Жырақ кеттім елімнен,
Шынымды айтсам қорықпаймын өлімнен.
Борышыңды өте деді Одағым,
Ант қабылдап
Ауған саған келіп ем.
Қанша ботаң қалды,
Ана! боздағын,
Соры қалың Ауған сен де боздадың.
Қан ұйыған жүрегіңнің жарасын,
Есіме алып несіне мен қозғадым.
Азаматы ілсін қару беліне,
Әркім өзі ие болсын жеріне.
Сарыарқам көз алдыма елестеп,
Сағыныштан қайтқым келді еліме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу