Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  123


Автор: Исраил Сапарбай

Қарғам-ау, Сiз қайдағы, бiз қайдағы

Қарғам-ау, Сiз қайдағы, бiз қайдағы...
Көңiлге мұң мекендеп, күз жайлады,
Елесiң /өзiң түгiл/ еске түссе,
Жүрегiм сыздайды əлi, сыздайды əлi...
Сен кеттiң алты қырдан асып əрмен,
Үптелдi Алатаудың басы қармен.
Буына сары алтынның салмағы жоқ
Айналып қалғаны ма басың əлден?
Түсiме бiрде енесiң, бiрде енбейсiң...
Жымиып күлгендейсiң, сыр бермейсiң,
Беймəлiм, маған жұмбақ бiр əлемнiң
Iшiнде жалғыз өзiң жүргендейсiң.
Түсiме бiрде енбейсiң, бiрде енесiң...
Өрiктей елден бұрын бүрленесiң.
Бейiштiң өзiң жүрген бейiлi қандай? –
Мен байғұс бiлмеймiн ғой кiрмегесiн...
Мезi ғып бiттi менi мына Тамұқ,
Күн сайын мойыныма күнə тағып.
Жарығым,
Бейiшiңнен шықшы берi,
Жүректi жылаталық, жұбаталық...
Сол жүрек емес пе едi «Əлдиiмiз»
Қай жақта əлди айтқан қалды үйiмiз?
Көзiмнен бал-бұл ұшқан қарағым-ай,
Ендiлiк не болмақшы хал-күйiмiз?..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу