Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  179


Автор: Исраил Сапарбай

Сенiң ғана...

Сенiң ғана көзiңе қарағым кеп,
Аса алмаймын əдептен амалым жоқ.
Сөзбен айтып болмастай,
Өн бойымда
Келе жатыр бiр сезiм жаңа бүрлеп.
Сенiң ғана сөзiңдi тыңдағым кеп,
Көңiлiмдi өзгеге бұрғаным жоқ.
Ай тамса екен аспаннан ақбоз үйге,
Жайқалса екен жас шыбық жылда бүрлеп!
Сенiң ғана жүзiңдi өпкiм келiп,
Жер түбiнен асығып жеттiм келiп.
…Алмағайып өмiрде,
Алла жазса,
Көп жасалық,
Көп көктеп,
Көп бүрлелiк!..
Сенiң ғана ернiңдi сүйгiм келiп,
Серуен iздеп серiше кидiм бөрiк.
Көк майсалы көңiлдiң ен жайлауы,
Бiрден-бiрге келедi шүйгiнденiп!
Сенi ғана құшақтап құшқым келiп,
Перiштедей ғайыптан түстiм делiк…
…Екеуiмiз ұрттаған зəмзəм суын
Ендiгəрi ешкiмге iштiрмелiк.
Сенiң ғана жаныңда жатқым келiп,
Түнде түпсiз қиялға баттым келiп…
Мұңайғанда музамен шер тарқатып,
Қуанғанда аспанға аттым бөрiк!
Сенiң ғана қойныңда өлгiм келiп..,
Көздi арбайды дүние көлгiрленiп.
…Аттың жүгi барады ауыр тартып,
Бақтың гүлi барады селдiрленiп,
Қайран-ай!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу