Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  155


Автор: Исраил Сапарбай

Сыбызғы үндi, сырнай сазды, Сырғалым

Сыбызғы үндi, сырнай сазды, Сырғалым,
Сiздiң жаққа бейiлiмдi бұрғаным:
Тылсым көктен тыншу бермей тiл қатып,
Ұйқыңызды келсе қайтем ұрлағым?
Кезiңiздi, көзiңiздi күншуақ
Көргенiмше көңiл қалай тыншымақ?!
Арқа-жарқа Арқа жақта жүрсiз-ау
Жүзiңiздi аяз сорып, шымшылап.
«Арқа қалай, қалқа қалай?» – деп iштен
Шер тарқатқам,
Шеген тартқам,
Шер iшкем…
Тағдырымның Тəңiр сызған таңбасы –
Пешенеме бұйырса екен Перiштем…
Мойныңызға орап əппақ бөкебай
Жұрт iшiнде жүрсiз бе екен, көкем-ай.
Қоңыр күзде қош айтысып қалғалы
Қолым сiзге жетпей қойды-ау, о, тоба-ай!..
Арамызға ақ қар, көк мұз – түстi ай, күн.
Қайсiбiрiн уысымда ұстаймын?
Сыңсып ұшқан сыңарынан айрылып,
Қараша үйде қалып қойған құстаймын…



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу