Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  163


Автор: Исраил Сапарбай

Айтпашы өткенiңдi, өтiнемiн

Айтпашы өткенiңдi, өтiнемiн,
Жүрегiм — жылап қалар жетiмегiм.
Тылсымға кезiккендей, тiл байланып,
Күрсiнге толып кеттi-ау көкiрегiм.
Айтпашы өткенiңдi, сұранамын,
Батпай жүр бұл фəниде күнəға кiм?..
Тəңiрге тақуаша тəн бере алсақ,
Табармыз тазарудың бiр амалын.
Айтпашы өткенiңдi, тағы өтiнем,
Тiрлiкте — бақ баянсыз, бəле — түгел.
Болдым ғой беттескендей Нəлетiмен,
Болдым ғой ет кескендей сан етiмнен!..
Айтпашы өткенiңдi,
Мен сұраман.
Аяшы жүрегiмдi қансыраған.
Қай мұңлық ол байғұсты жаспен жуып,
Қай сұмдық ол бейбақты жаншымаған…



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу