Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  167


Автор: Исраил Сапарбай

Бүгiн бақтар

Бүгiн бақтар
Кешегi күнiн жоқтар.
Мынау тылсым үəм гүлсiм дүниеде
Бiздер естiп-бiлмеген мың ырғақ бар.
Ерiнiңе күлкi емес, мұң үйiрiп,
Серiгiңе сен де, еркем, сырыңды ақтар.
Сырыңды ақтар,
Арайлым, əппағым-ау,
Сар жапырақ саулаған шақта мынау.
Гүлi көркем маңайда мизам маңып,
Бүгiн-ертең қонады баққа қырау.
Баққа қырау қонады,
Түзге моншақ.
Бал күндердi жүрермiз iздеп, аңсап…
Қоңыр күздiң, қарғам-ау, кiнəсi не,
Жас пен шыққа кiрпiктi бiз де малсақ?
Кiрпiгiңдi, жаным-ау жас шылаған
Тағы да бiр талаурап қақшы маған.
Арзуына ақынның кiм «əу» десiн
Тақ сұрамай, Тəңiрден бақ сұраған?
Арзуына ақынның «əу» де, гүлiм,
Өтсiн, кетсiн басымнан əурелi күн!
Көкке алақан жаяйық,
Жапырақ пен
Ұстай алмай саулаған сəуленi мың…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу