Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  119


Автор: Исраил Сапарбай

Есiмнен тандырдың-ау, тандырдың-ау

Есiмнен тандырдың-ау, тандырдың-ау,
Көл-көсiр көз жасым ба жаңбыр мынау?
Үнiм бе күркiреген Хақтың күнi,
Мұның не, жан құрбым-ау, жан құрбым-ау?
Бiлмеймiн, Күн батты ма, таң атты ма,
Сұрмерген талма тұстан тағы атты ма?
Аз ба едi, құдайым-ау, бұл жүректiң
Алпыс жыл жатқанына абақтыда?!
Бiлмеймiн,
Таң атты ма,
Күн батты ма?
Iбiлiс тiл қатты ма ?..
Жын қақты ма?..
Ай жылап, жұлдыз шұбап,
Аспан құлап,
Түбiне тұңғиықтың шым батты ма?
Танымай жүрген екем тағдырымды:
Жазмышым жаналқымда талға iлiндi.
Қар шайнап қапияда соққан дауыл
Шығарды-ау қас қаққанша дал-дұлымды!
Тас түйiн Тұйғыны едiм қанаттының,
Жайратты-ау жалғыз оғы жарақтының.
Қан құсқан қапасында қайран жүрек,
Шынымен табармысың тағат-тыным?
Халiңдi қайтейiн-ай қансыраған,
Сен де бiр ақ жұмыртқа ең аршымаған…
Жасыңды кiм сүртедi, жайың сұрап?
Қаныңды кiм жуады тамшылаған?
…Есiмнен тандырдың-ау, тандырдың-ау,
Көл-көсiр көз жасым ба жаңбыр мынау?
Үнiм бе күркiреген Хақтың күнi,
Мұның не, жан құрбым-ау, жан құрбым-ау?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу