Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  120


Автор: Исраил Сапарбай

Ескi арықтан су ағар ылайланып

«Ескi арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеумiз былай барып…»
Халық əнiнен

«Ескi арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеумiз былай барып…»
Сабағынан сүзiлген Сəмбiталдай
Сағат сайын барасың шырайланып.
«Ескi арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеумiз былай барып…»
Бұл жалғанда, құдай-ау, кiм бар, кiм жоқ,
Жыл артынан келгенше жыл айналып…
«Ескi арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеумiз былай барып…»
Қу далада «Қуыспақ» ойнайықшы,
Мен тазы да сен құмай сыңайланып.
«Ескi арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеумiз былай барып…»
Көк жұлдызын көзбенен санайықшы
Көк майсаға көлденең құлай қалып.
«Ескi арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеумiз былай барып…»
Сол жатқаннан екеумiз тұрмайықшы,
Аспан жерге түссе де шыр айналып!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу