Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  132


Автор: Исраил Сапарбай

Қарағым, айналайын, бұраң белiм

Қарағым, айналайын, бұраң белiм,
Қалайша сенi көрмей тынар көңiл?!
Алыстан ат арытып келгенiмде,
Алдымнан «ағатайлап» шығар ма едiң?
Алыстан ат арытып келгенiмде
Керегi бола қоймас жеңгенiң де.
Жанымды, ебiн тауып, жай таптырсаң,
Жатармын бiр-екi-үш күн ең кемiнде.
Қарағым, айналайын, бұрымдым-ай,
Күн қайда күлiп-ойнар бұрынғыдай…
Қолымның жетпейтiнiн бiле тұра
Несiне саған келiп ұрындым-ай?
Ақ жүзiң аршылмаған жұмыртқадай,
Пар келмес ажарыңа ымырттағы Ай!
Көңiлiм алып-ұшқан басылар ма
Көзiңнiң кəусарынан бiр ұрттамай?!
Қарағым, айналайын, қырымдағым,
Алдымнан Ай туғанын ырымдадым.
Аузынан əлдекiмнiң атың шықса,
Шырылдап қоя берер шыбын жаным.
Жiгiттiң сейiл құрған серiсi едiм,
Сенделiп,
Сенi ойласам, шер iшемiн.
Аққудың сыңарындай, шырағым-ай,
Өзiңмен ендi қашан көрiсемiн?..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу