Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  116


Автор: Исраил Сапарбай

Соңы мен бұл өмiрдiң басы қайда?!

Соңы мен бұл өмiрдiң басы қайда?! –
Аспанда адасып жүр асыл Ай да.
Ақ жүзi алабұртқан, айналайын,
Ақ қарды айналаңа шашып ойна!
Сақ-сақ күл!
Сарқыла күл!
Мəз бола күл!
Намданып нəркес көзiң наздана бiл.
Қызылы қызғалдақтың қыр астында,
Қызығы қыз қалқаның аз ғана күн…
Айнымай Ай мен күннен қас-қабағың,
Күл, ойна қылығымен жас баланың.
Жалғаны жарық күннiң бiр-ақ сəттiк,
Қалғаны – тəркi дүние,
Таста бəрiн!
Сəт сайын жүз құбылып, мың арбасып,
Барады көз алдымды мұнар басып…
Ақ қағаз қаламсаппен қауышқандай
Қалайық қас қағымда жұмарласып!
Түлкiдей қарға аунаған түрiңменен
Қашсаң да құтылмассың бүгiн менен.
Көсiлген арқаңдағы бұрымың мен
Төсiңнен айналайын дiрiлдеген!
Қалайша жамалыңа жан шыдасын?! –
Ақ гүлдей аршыласың, жаншыласың.
Аспан-Жер айқаласқан бұл мезетте
Қызыл қан əппақ қарға тамшыласын...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу