Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  119


Автор: Исраил Сапарбай

Мен барармын

Мен барармын
Немесе сен келерсiң,
Көлеңкелi көңiлге дем берерсiң.
Қиялдағы өң-түсiн Перiштенiң
Түсiнде емес, өңiнде пенде көрсiн.
Айлы кешсiң,
Əлде əйбат жарық таңсың,
Бар екенiң əйтеуiр анықталсын.
Көкiрегiн нұр жайлап,
Сиқыр байлап,
Көрген жандар есiнен танып қалсын!
Əлде серуен
Маңайың, əлде сейiл,
Сəулетiңмен сəруəр сəндесейiн.
Əбiлхаят суынан ұрттағандай
Алмағайып, ғажайып хал кешейiн.
Ұшар едiм, қайран-ай, қанат қайда?!
Таусылғандай сабыр мен тағат бойда
Пенделiктi жазғанша пешенеме
Перiште ғып құдайым жаратпай ма?
Тақырға гүл,
Шыққалы тасқа қына
Байызсыз күн көбейдi баста мына...
Елең-алаң кезде бiр ес жидырмай
Алып кетшi алты қат аспаныңа!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу