Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  136


Автор: Дәркен Танабаев

Мұнда істің көрмедім мен жеңілін...

Мұнда істің көрмедім мен жеңілін,
Ырқыңа да көне бермес темірің.
Намысқойын қарай көрші жұлқылап.
Жеті атасын төпеп жатыр темірдің.
Колонна ауыр тек өзімен өзі де,
Бейсен інім икемдейді өзіне.
Сынасады мұнараның басында,
Әдіс керек қара күштің көзіне.
Көңілі толмай бұрғышы тұр шырқырап,
-«Ашсың ба, тарт»-деп қояды бұрқырап.
Бәрекелді енді міне жарадың,
Ал жігіттің жанарына нұр тұнад.
Дизель үні тоқтамайды гүрілдеп,
Айсыз аспан жұлдыздар тұр дірілдеп.
Дала еркесі айналшықтап жүргені,
Ескі әнін қайталайды уілдеп.
Түнгі әлем тұрсын ол да қашанғы,
Келе жатыр таңның қызыл шапағы.
Жел басылды құмды дала тым-тырыс,
Жұлдыз біткен күннен үркіп қашады.
Көріп тұрмын таңның Шолпан еркесін,
Шұғыла да қызыл от боп өртенсін.
Көтеріліп көкке жарық патшасы,
Малындырсын сәулесіне өлкесін.
Осы сәтті, осы сәтті ұнатам,
Көтеріліп келе жатыр құла таң.
Сексеуілді құмды сағым керемет,
Әрі сұлу, әрі кербез, әрі паң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу