Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  181


Автор: Исраил Сапарбай

Виолетта

Мамырда,
Маңайында мия көпте
Жамырап гүл өседi қия бетке.
Сол гүлдi жалаңаяқ белден кешiп
Екеумiз беттесек-ау Қияметке,
Виолетта...
Ақ төсiн айдындайын дiрiлдеткен
Апырай, əуездi едi үнiң неткен?!
Исең-ау ақ жүзiңдi бермен қарай,
Сүйсем-ау шөпiлдетiп шырын беттен!
Жай алса жүрегiңнiң нақ төрiнен,
Кiм кiмге бұл жалғанда жат көрiнген.
Кетсем-ау шоққа айналып құшағыңда,
Өпсем-ау оттай жанып тəттi ерiннен!
Ынтызар ықыласыма ыңғай берген
Сыныңнан айналдым-ау сымдай керген!
Құшсам-ау жұмарланып құс төсекте,
Қыссам-ау құмар қанып қылдай белден!
Перiге ғашық болған Серiдейiн*
Ериiн,
Елжiрейiн,
Емiнейiн...
Өзiңмен Қияметке ұзар болсам,
Қайтудың қажетi не керi кейiн?!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу